Ауғанстанда 30 жыл бұрын хабар-ошарсыз жоғалған КСРО ұшқышы тірі табылды
Бұл туралы Ресей десантшылар одағының басшысы Валерий Воротинин хабарлады.
00:30 03.06.2018
Қазіргі кезде Ауғанстан билігі совет ұшқышын қайтару мәселесіне қатысты мәселені қарап жатқанын айтқан Воротинин әлгі адамның аты-жөнін атамаған. Екінші дереккөзінің айтуынша, ұшқыш мінген совет ұшағын 1987 жылы Ауғанстанда әуеден атып түсірген.
Отыз жылдан астам уақыт жоғалып кеткен адамның аты-жөніне қатысты әртүрлі деректер айтылып жатыр.
Ресейдің "Коммерсант" басылымы Ауғанстанда 1987 жылы хабар-ошарсыз кеткен совет азаматтарының тізімінде әскери әуе күштерінен жалғыз адам – 1962 жылы туған аға лейтенант Сергей Иванович Пантелюктің есімі ғана барын анықтаған. Баграм аэродромынан ұшып шыққан оның ұшағы қайтадан оралмаған, ұшқыш хабарсыз кеткен.
ТАСС агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап, табылған ұшқыштың есімі Александр Миронов деп хабарлады. "Боевое братство" ардагерлердің халықаралық қайырымдылық қоры өкілдерінің агенттікке айтуынша, Ауғанстанда жоғалып кеткен ұшқыш туралы ақпаратты Ресейге АҚШ берген.
Бірақ әскери тұтқындар жөніндегі ресей-америкалық комиссия өкілі Александр Кирилин "РИА Новости" агенттігіне Мәскеу Вашингтоннан әуеден атып түсірілген совет ұшқышы туралы ешқандай ақпарат алған жоқ деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!