ФОТО: Жаңа коттеджді қалашықта үйлердің қабырғасы жарылып жатыр
Талдықорған қаласында 2015 жылдың қараша айында қолданысқа берілген коттеджді қалашықтың тұрғындары баспаналардың сапасы сын көтермейтінін айтуда.
12:00 05.06.2018
Сөздерінше, 45 пәтерлі 5 үйдің қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатыр. Мәселен, Ерлан Аманбаев үйіне жөндеу жүргізу үшін ескі түсқағаздарды сырып жатқанда екі қабырғаның түйіскен бұрышы ажырап қалғанын байқаған. Пәтерін 2017 жылдың қаңтарында 20 жылға ипотекалық несиемен алған ол, егер жер сілкінсе бұл қабырға әбден құлап кетуі мүмкіндігін айтады. Қазір ол коммуналдық қызметті қоспағанда пәтеріне ай сайын 60 мың теңге төлеп жатыр.
Мұнда тұрып жатқандар коттеджді қалашықтағы 45 пәтердің де жағдайы осыған ұқсас екендігін айтуда. Сылақтары түсуде, төбесінен су ағып, қабырғалары көгеруде. Ал қыста жағдай тіпті қиын. Үй жылымайды, ыстық су мүлдем жоқ. Тұрғындар өз күштерімен су жылытатын қондырғыларды орнатып алған. Бұл қалашықтың тұрғызылуына тапсырыс берген - «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Мердігерді ашық байқау өткізу арқылы іріктеген. Ал Корпорация өкілдері тұрғын үйді қабылдап алғанда ол барлық талапқа сай болғанын алға тартады.
Инфрақұрылымдық жобалар департаментінің директоры Абзал Ержомартовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын Көкшетау қаласының мердігер мекемесі жеңіп алған. Қазіргі таңда құрылыс компаниясы өкілдерін Талдықорғанға шақырту мәселесі қарастырылып жатыр.
Коттеджді қалашық тұрғындарының құрылыс сапасынан басқа да мәселелері жетерлік. Олар үшін қалаға жету өте үлкен проблема. Қалашық Алматы-Талдықорған тас жолы бойында орналасқан. Жол бойында жаяу жүргіншілерге арналған ешқандай өткел жоқ. Тұрғындар ағылып жатқан көліктерден және екі жолды бөлетін қоршаудан секіріп аттап, қарсы бетке өтетіндерін айтады. Олардың сөзінше, жергілікті билік бұл мәселеден құлағдар болса да ешбір әрекет жасамайды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!