Зябкина Грекиядағы турнирдің алтын жүлдегері атанды
Еліміздің үздік спринтері Виктория Зябкина Грекия астанасы Афины қаласында өткен халықаралық Filothei Women Gala турнирінде 100 метрге жүгіруден чемпион атанды.
15:25 15.06.2018
Жалпы, 100 метрлік сайыста 10 желаяқ қатысты. Ұйымдастырушылар оларды екі топқа бөліп жүгіртті. Зябкина мықтылар жиналған екінші топпен жүгірді. Жерлесіміз бірден қарқынын үдетіп, бәсекелестерін қапы қалдырып кетті. Викторияның нәтижесі – 11.44 секунд. Екінші орын украиналық Наталья Погребнякқа бұйырды.
Айта кетейік, Филотеидегі жарыс Зябкина үшін Грекиядағы үшінші халықаралық дода. Алғашқы екеуінде қазақстандық атлет екінші орын алған. Осы жолы алғаш рет жеңіске жетті. Мысалы, 3 маусымда Chania Invitational жарысында 100 метрді 11.51 секундта жүгіріп өтті, 200 метрді 23.35 секундта бағындырды. Ал 9 маусымда Каламата қаласындағы бәсекеде 100 метрлік сайыста мәреге 11.26 секундта жеткен.
Filothei Women Gala. Афины-Филотеи. 100 метрге жүгіру.
Әйелдер:
1. Виктория Зябкина (Қазақстан) – 11.44 сек.
2. Наталья Погребняк (Украина) – 11.62 сек.
3. Григория-Эммануэла Керамида (Грекия) – 11.84 сек.
Дереккөз: sport.inform.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!