ӘЧ-2018: Хорватия ширек финалда Ресеймен кездеседі
Шақпақ жейделі құрама ойын соңындағы пенальти сериясында Данияны ұтты.
08:56 02.07.2018
Футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Хорватия құрамасы Ресеймен кездесетін болды. Шақпақ жейделі құрама ойын соңындағы пенальти сериясында Данияны ұтты.
Қос құрама негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсті. Ойындағы бірінші гол 1 минутта-ақ соғылды. Даттардың алға ұмтылған жылдам шабуылы нәтижелі аяқталды. Матиас Йоргенсеннің тепкен добы Субашичтің қолына тиіп, қақпа ішіне енді.
Алайда араға 3 минут сала Марио Манджукич есепті теңестірді. Бұл тұста Дания құрамасы қорғаушылары допты айып алаңдарынан шығарып үлгермеді.
Екінші таймда да 1:1 есебі сақталып, футболшылар командасын алға шығаратын гол соға алған жоқ. Қосымша уақыттың екінші кезеңінде хорваттардың алға шығатын зор мүмкіндігі болған. Алайда Лука Модричтің пенальтиден тепкен добын қақпашы Каспер Шмейхель қайтара білді. Нәтижесінде жеңімпаз ойын соңындағы пенальти сериясында анықталды.
Ойын соңындағы пенальтиде қақпашылардың нағыз шеберлігі сыналды. Хорватия құрамасының қақпашысы Субашич үш бірдей пенальти қайтарды. Әйгілі қақпашы Питер Шмейхельдің ұлы Каспер Шмейхель де қалысқан жоқ. Модричтің пенальтиін қоспағанда екі бірдей пенальтиді тосты. Даттар сапынан Кристиан Эриксен, Ласло Шоне және Николай Йоргенсен гол соға алмады. Хорваттардан Милан Бадель мен Йосип Пиварич қателесті.
Пенальти қорытындысы бойынша шақпақ жейделі құрама 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. Бұл кезеңде Испанияны жарыс жолынан шығарған Ресеймен кездеседі.
Дереккөз: vesti.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!