«Астана» велошабандозы Қазақстан чемпионы болды
Алматыда тасжолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионаты аяқталды.
10:25 02.07.2018
Топтық жарыстың алтын медалі «Astana Pro Team» командасының мүшесі Алексей Луценкоға бұйырды.
Ол екінші айналымда-ақ шабуылға шығып, мәреге дейін көшбасшы болып отырды. Жарыс уақыты - 4 сағат 11 секунд. «Астана» командасының тағы бір мүшесі Никита Стальнов Луценкодан 15 секунд артта қалып, екінші орынды иеленді.
Ал үшінші орынға лидерден 1 минут 31 секунд кешіккен Артем Захаров тұрақтады. Велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық біріншілігі 26 маусым күні басталған болатын. Оған «Astana» командасының спортшылары түгелдей қатысты. Олардың қатарында Алексей Луценко, Жандос Бижігітов, Андрей Зейц, Бахтияр Қожатаев, Даниил Фоминых, Никита Стальнов, Руслан Тілеубаев, Артем Захаров және Евгений Гидич пен ұлттық құраманың өзге де мүшелері болды.
Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпиондар анықталды. Сондай-ақ командалық және жұптасып командалық жарысудан, топтық жарыстан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!