Талибан шабуылынан ондаған сарбаз қаза тапты
Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз уәлаятында бір уақытта бірнеше жерде жасалған шабуылдан ондаған ауған сарбазы оққа ұшты.
16:35 13.07.2018
Шабуылдарға жауапты "Талибан" қозғалысы мойнына алды.
"Біз де, "Талибан" да шығынға ұшырадық" деді Ауғанстан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Мохаммад Радманиш France-Press агенттігіне.
Ол уәлаятта тәліптерге қарсы әуеден және құрлықтан шабуыл жасалып жатқанын айтты. Шенеуніктің мәліметінше, содырлар Дашт-и-Арчи ауданында армия базасы мен тексеру және өткізу бекеттеріне бір уақытта жасаған шабуылында түнде көруге арналған қаруларды пайдаланған және артиллериядан оқ жаудырған.
"Бізде түнде көруге арналған қару-жарақ жоқ болғандықтан, тәліптер сарбаздарға көрінбей оларға жақын араға келе алады" деген Ауғанстан армиясы командирлерінің бірі.
Тәліптер ауған әскери нысандарына шабуылында "Хамви" әскери көлігі, арнайы қару-жарақтар, оның ішінде түнде көруге арналған америкалық құралдарды заңсыз иелену арқылы қаруланып жатыр.
Шабуылдардан қанша адам қаза тапқаны туралы әзірге ресми мәлімет жоқ. Бірақ Associated Press және France-Presse агенттіктері өз дереккөздеріне сілтеме жасап, қауіпсіздік қызметінің кем дегенде 40-қа дейін сарбазы қаза тауып, ондағаны жараланғанын хабарлады.
Дереккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!