Биыл 3000 қазақстандық қажылыққа аттанады
Биыл Сауд Арабиясына қажылыққа 3000 қазақстандық аттанады.
17:38 01.08.2018
«Сауд Арабиясы тарапынан 3000 орынға квота бөлінді. Қазақстандық қажыларды 18 компания апарады. Өтініш бергендердің қатарына 16-89 жас аралығындағы азаматтар бар. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге барады. Бүгінгі таңда 1500-ге жуық адамның визасы дайын», - деді ҚМДБ өкілі Нұрқанат Байзақов.
Оның айтуынша, биылғы қажылықтың ерекшелігі - бірыңғай киім киетіндігінде.
«Бұрын 18 компания 18 түрлі киіммен апаратын. Енді биыл киім бір, тек киімдегі логотип қана әртүрлі болады», - деді Н.Байзақов.
Биыл қажылық сапарының құны 4400-5000 АҚШ доллары шамасында.
«Қажылық сапарының құны көрсетілетін сервиске, тамаққа, қонаүйдің алыстығы мен жақындығына байланысты болады»,- деді ол.
Қажылар қасиетті орындарға отандық Scat және Сауд Арабиясының Fly Nas әуекомпанияларының ұшақтарымен жетеді. Биыл рейстер Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларынан ұшады. Қажылардың алғашқы легі Қазақстаннан 8-9 тамызда шықса, елге 1 қыркүйекке дейін оралуы тиіс.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары