Ақтөбелік телефон үшін танысын атып өлтірген
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны Марат Аманов қоңырау шалуға телефонын бермеген танысын атып тастады.
08:14 23.08.2018
Қазір заңсыз қару сақтап, адам өлтіргені үшін айыпталып жатыр
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 40 жастағы Хромтау ауданының тұрғыны Марат Амановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» баптары бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, осы жылдың қаңтар айында айыпталушы Марат Аманов пен жәбірленуші Румянцев бір дастарқанда отырып, ішімдік ішеді. Сол күні айыпталушы өзінің танысы Румянцевтен қоңырау шалу үшін телефонын сұрайды. Сол жерде жанжал шығып, Румянцев айыпталушы М.Амановты соққыға жығады. Кейін айыпталушы Марат Аманов 16 калибрлі тапаншаны сақтап, өзіне ыңғайлы уақытты күткен. Тергеу кезінде қаруды қайдан алғаны анықталған жоқ. Сол қаруды алып, Румянцевтің үйіне барып, оқ атқан. Оқ жәбірленушінің оң жақ кеуде тұсына тиіп, ол ауруханада көз жұмды. Кейін айыпталушы оқиға орнынан қашып кетіп, қаруды гараж маңына тығып тастайды.
Айта кетейік, сот отырысы кезінде айыпталушы Марат Аманов өз кінәсін мойындамады. Сотқа жәбірленуші тарап қатысқан жоқ.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары