Спортқа қайта оралған Чиншанло чемпион атанды
Ел біріншілігінде ауыр атлетке тең келер қарсылас табылмады.
13:26 29.08.2018
Допинг дауына байланысты жаза уақыты аяқталып, спортқа қайта оралған Зульфия Чиншанло Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында топ жарды.
Қазақстандық спортшы жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынады. Осыған дейін 53 кг-ға дейінгі салмақта жарыстарға қатысып келсе, жаңа ережеге сәйкес 55 кг-ға дейінгі салмақта жарысқа қатысатын болады.
Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына іріктеу болып саналатын ел біріншілігінде Зульфия Чиншанлоға тең келер қарсылас табылмады. Сәуле Сәдуақасованың нәтижесі ғана жуықтаған. Бірақ ол 59 кг-ға дейінгі салмақта жарыс жолына шықты.
Чиншанло жұлқа көтеру жаттығуын 85 кг-нан бастады. Екінші мүмкіндігінде 84 кг-ды көтерді. Үшінші рет шыққанда 90 кг спортшының ырқына бағынбады.
Серпе көтеру жаттығуында бірінші 115 кг көтерді. Одан кейін 120 кг-ға тапсырыс берді. Алайда екі мүмкіндігінде де бұл салмақты басынан асыра алмады. Нәтижесінде 202 кг (87+115) көрсеткішпен алтын жүлдені иеленді.
Екінші орын алған Ақмарал Үргембаева (58+76) Зульфиядан 68 кг-ға қалып қойды. Үшінші орынды Камила Острикова (58+75) иеленді.
Айта кетейік, Зульфия Чиншанлоның спорттық жарыстарға қатыспау туралы жаза мерзімі мамыр айының соңында аяқталған болатын. Ел чемпионаты - допинг дауынан кейінгі алғашқы жарысы. Спортшы Ашхабадтағы әлем чемпионатына қатысады деп күтілуде.
Дереккөз: vesti.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!