Мысырда қазақстандықтар мінген автобус апатқа ұшырады
Мысырда жолаушылар автобусы аударылып қалды. Автобустың салонында 22 қазақстандық турист болған.
08:15 30.08.2018
Белгілі болып отырғандай, оқыс оқиға жергілікті уақытпен 29 тамыз күні сағат 4:30 шамасында Хургада-Каир тас жолында болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әртүрлі дене жарақатымен екі Қазақстан азаматы жақында орналасқан «Рас-Гариб» елді мекенінің ауруханасына жеткізілген. Ол жерде Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсетілген.
«Қазіргі уақытта Қазақстан консулының күш салуымен толыққанды медициналық көмек көрсетіп, қосымша диагностикалық процедураларды жүргізу үшін ҚР-ның аталған екі азаматы жедел жәрдем көлігімен Хургада қаласындағы «Әл-Мысри» ауруханасына жеткізілетін болады», - делінген хабарламада.
СІМ-де атап өткендей, автобустағы қалған басқа жолаушылардың жағдайы қанағаттанарлық. Хургадаға жеткізілген оларға жергілікті ауруханада медициналық көмек көрсетіленнен кейін қонақ үйлеріне қайтып, демалыстарын жалғастыруда.
«Жағдай Мысырдағы Қазақстан елшілігінің бақылауында», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Дереккөз: Baq.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!