63 жастағы зейнеткер ұлын өлтірді деген күдікпен ұсталды
Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек ауылының тұрғыны туған ұлын өлтірді деген күдікпен ұсталды.
16:50 12.09.2018
Қазір 63 жастағы зейнеткердің үстінен ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалып, қамауда отыр.
Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қыркүйек күні жер үйлердің бірінің жанынан ер адамның мүрдесі табылған. Марқұмның арқасына пышақ жарақаты салынған.
«Зардап шегуші өз үйінің жанында қаза болған және оны ауылдасы тауып алған. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қайтыс болған азаматтың 63 жастағы әкесі ұсталды. Анықталғандай, әкесі мен баласы бірігіп ішімдік ішіп, жанжал туындап, соңында бұл жағдай ауыр қылмыспен аяқталған. Оқиға орнынан пышақ табылып, айғақ зат ретінде тергеу материалдарына тіркелді» делінген аталған ведомствоның хабарламасында.
Осы фактіге орай сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Еңбекшіқазақ ауданының АІІБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!