Шешесінің диетасының салдарынан сәбиі аштан өле жаздады
Ресейдің Санкт-Петербор қаласының 25 жастағы босанған әйел диета ұстаймын деп сәбиін аштан өлтіре жаздады.
17:00 17.09.2018
Анасы тек сұлы жармасынан жасалған ботқаны жеп келген. Ресейдің ТК басқармасы хабарлағандай, әйелге қатысты "Қауіпті жағдайға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жасқа толмаған баланы дистрофия жағдайында аурухана жеткізді. Оның анасы босанған соң семіріп кеттім деген сылтаумен қатаң диета ұстап, балаға тамақ бермей, тек емізе берген. Өзінің де әлі құрыған әйел ақыры баласына тәулігіне бір рет қана омырау сүтін беріп жүріпті.
Петербор бойынша балалар омбудсмені Светлана Агапитова баланың әкесі үйлерінде тек сұлы үлпегі мен балық сүйегі қайнатылған сорпаға сүт қосып ішіп жүргенін айтқанын мәлімдеді.
Бұл отбасы бұрын да дәрігерлер назарына ілігіпті. Жоспарлы тексеру кезінде үйлері лас екені және бір айлық нәрестенің салмағы артылмағаны анықталған. Олар әлеуметтік қорғау комитетіне де хабар беріпті. Бірақ ата-анасы дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрмеген.
Нәресте жан сақтау бөлімінде 4 күн жатып, қазір ортақ палатаға ауыстырылды. Баланы әке-шешесіне қайтармау мәселесі шешіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!