Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Рымкеш Жұмаділова көз жұмды
Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. Қазақ операсының майталманы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкеш Әлжанқызы Жұмаділова дүниеден өтті.
13:50 19.09.2018
Рымкеш Жұмаділова замана бұлбұлы Күләш Байсейітова туған топырақта, яғни Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Қараменді ауылында 1957 жылы дүниеге келді.
Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевтың шәкірті еді.
Рымкеш Әлжанқызының консерваторияны бітірген соң бірден Абай атындағы опера және балет театрына орналасты. Бұл жас әншіге үлкен жауапкершілік артты. Өмірінің отыз жылын қазақ операсына арнап, небір сахна шеберлерімен қатар жүріп сахнада шеберлігін шыңдаған ол опера және концерттік солисі қызмет атқарды.
Әнші 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
Рымкеш Жұмаділова Күләш Байсейітова атындағы Республикалық ән байқауының және Бакуде өткен Халықаралық Глинка атындағы әншілер байқауының лауреаты.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!