ФОТО: Жас жігіт жүздеген адамның өмірін сақтау үшін өз өмірін құрбан етті
Индонезия тұрғындары мен дүниежүзіндегі әлеуметтік желі қолданушылары 21 жастағы Антониус Гунаван Агунгтің жер сілкінісі кезінде жасаған ерлігін сөз етіп жатыр.
14:25 03.10.2018
Ол жолаушы лайнерін апат аймағынан алып шығу үшін өз өмірін құрбан етті.
Өткен жұмада әуе диспетчері Сулавеси аралындағы Палу әуежайында жолаушылар ұшағын басқарған. Ол табиғи апат кезінде ұшақ ұшып кеткенше құлағалы тұрған диспетчер бөлмесінен кетуден бас тартқан. Ұшақ әуеге көтерілгенде ғана мұнарадан секіруге мәжбүр болған. Себебі сыртқа шығатын басқа жол қалмаған. Антониус Гунаван Агунг алған жарақаттарының салдарынан ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды.
«Агунг өз қызметін ақтық демі шыққанға дейін адал атқарды. Ол ұшақ әуеге көтерілгенше диспетчер бөлмесінен кетпеді», - делінген Индонезияның азаматтық авиация басқармасының мәлімдемесінде.
Жұма күні Антониус Гунаван Агунг жер сілкінісі басталғанда Batik Air әуе компаниясының рейсін бақылаған. Ол уақытта оның әріптестері әуедегі қозғалысты бақылау қажет болмағандықтан төрт қабатты мұнарадан эвакуацияланған болатын.
Лайнердің жерден әуеге көтерілу сәті жер сілкінісінің басталуымен тұспа тұс келген. Сол уақытта диспетчер пунктінің шатыры құлаған. Агунг терезеден секірді. Соның салдарынан қолы, аяғы мен қабырғасы сынды. Агунг тікұшақпен арнайы клиникаға жеткізілмек болған, бірақ жолда көз жұмды. Жүздеген адам өмірін сақтап қалу үшін жасаған ерлігі үшін Агунгтің қызметі көтерілді. Әріптестері Антониус Гунавана Агунгтің денесін жерлеуге апара жатқан фотоларын жариялады.
Еске салсақ, 28 қыркүйек күні Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында екі рет жер сілкінді. Жойқын жер сілкінісінен туындаған цунами жолындағының бәрін қиратып кеткен. Соңғы мәлімет бойынша табиғат апатынан 1200-ден астам адам қаза тапқан. Алайда, зілзаланың негізгі ошағы саналатын Дунгала ауданына кешірек табан тіреген құтқарушылар опат болғандардың саны артатынын айтады. Индонезиядағы алапат табиғат апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Дереккөз: qamshy.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!