{metadescription}
Қазақ прозасы қара жамылды: Шерхан Мұртаза қайтыс болды

Қазақ прозасы қара жамылды: Шерхан Мұртаза қайтыс болды

Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды.

Шер ағамыз бүгін, яғни 9 қазанда кеш ауа, сағат 18:30-да Алматы қаласындағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болды.

Қазақстаннның халық жазушысы Шерхан Мұртаза:

«Анамыз Айшаның тәрбиесі кәдімгі жабайы қасқыр жау келіп қалғанда өзінің бөлтірігін  желкесінен ұстап алып қашады, тап солай суреттеуге болады.  Анамыз бізді солай бағып-қаққан. Бәледен, қауіп-қатерден солай қорғаған. Бізге өте мейірімді болды. Ал өмірде қатал еді».

«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды».

 Шерхан Мұртазаның жаназасын өзі туып-өскен Жамбыл облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері, Жазушылар одағы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірге ұйымдастырады.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды.

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.

КТК телеарнасының ұжымы Шерхан ағаның жақындарына, туған-туыстарын қатты қайғырып көңіл айтады.

Шер ағамыздың 2010 жылы 24 қарашада "Жүрекжарды" бағдарламасына берген сұхбатын мына жерден қараңыздар.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.