Жедел жәрдем жүргізушісі Түркия азаматын кешірді
Алматыда соққыға жығылған жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің оқиғасы тараптардың татуласуымен аяқталды.
01:00 11.10.2018
Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жәбірленушінің адвокаты жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәлім болғандай, жүргізуші Николай Кучма мен Түркия азаматы Демир Эбузер жүзбе-жүз беттестіру процедурасынан өтті.
«Николай Григорьевич пен Демир Эюузер сөйлесті. Бұл жолы да айыпталушы шынайы түрде кешірім сұрады. Сондай-ақ оның ақылға қонымсыз, агрессиялық және заңға қайшы әрекеттеріне әкеліп соқтырған жеке басының жағдайы түсіндірілді. Сотталушы жасаған ісіне қатты өкінетінін, қызметтік міндетін орындап жатқан егде жастағы кісіге қатысты жасаған әрекетін кешірілмейтін және лайықсыз деп санайтынын сан рет қайталады. Ол сондай-ақ барлық жедел жәрдем қызметкерлерінен және оқиғаға немқұрайлы қарамаған барлық қазақстандықтардан кешірім сұрады. Николай Григорьевич оның кешірімін қабылдады», - делінген құқық қорғаушы Андрей Диденконың таратқан хабарламасында.
Николай Кучма сондай-ақ сотталушының асырауында нәресте баласы мен зайыбы барын ескерген.
«Сотталушы келтірген моральдық және материалдық залалды тиісті ақшалай өтемақымен өтеді. Тараптар оның сомасын жария етпеуді сұрады. Екі жақ татуласып, осыған орай Николай Кучма Алмалы аудандық сотына, сондай-ақ Алмалы ауданы прокурорының атына өтініш жазды. Онда сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуын сұрады. Сенімхат берушінің мүддесі сот алдындағы тергеу аясында тиісті түрде ұсынылған, ал оның алғыс сөздері - ең бағалы сыйлық», - деп атап өтті А.Диденко.
Еске салайық, Алматыда жолды бөлісе алмаған Түркия азаматы жедел жәрдем жүргізушісі Николай Кучманы соққыға жыққан болатын. Көп ұзамай полицейлер 1990 жылы туған түркиялық азаматты анықтап, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізді. Кейін Әли Демир кепілмен босатылып, жәбірленген ер азаматтан кешірім сұраған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!