Индонезияда жер сілкінісінен мерт болғандар саны 2 мыңнан асты
Жер сілкінісі 911 млн АҚШ долларына жуық шығын келтірген.
12:50 22.10.2018
Сутопо Нугрохоның айтуынша, бұл - тек алдын ала деректер, бұл цифр әлі өсуі мүмкін. Апат салдарынан 68 мың үй қирап, 223 мың тұрғын баспанасын тастап кеткен, жүздеген медициналық, оқу және үкімет ғимараттары үгітіліп түскен.
Соңғы деректерге сүйенсек, зілзала және одан туындаған цунамиден 2256 адам опат болған, ал зардап шеккендер саны 10,6 мыңнан асты. Құтқарушылардың айтуынша, орталық Палу қаласының маңындағы екі елді мекеннің өзінен 5 мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Ал табиғи апат болған аймақта жалпы 4 млн адам тіршілік кешіп жатқан. Дүниежүзілік банк Индонезиядағы жер сілкінісінің зардабын жою үшін 1 млрд доллар көлемінде қаржылай көмек беретінін мәлім еткен.
Еске салсақ, 28 қыркүйек күні Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында екі рет жер сілкінді. Ол артынша цунамиге апарып соққан. Жойқын жер сілкінісінен туындаған цунами жолындағының бәрін қиратып кеткен. Индонезиядағы алапат табиғат апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!