Астаналық спортшы армрестлингтен екі дүркін әлем чемпионы атанды
Түркияда армрестлингтен өткен Әлем чемпионатында астаналық Еркін Әлімжанов екі алтын жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
15:17 23.10.2018
Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, «Жігер» спорт клубының тәрбиеленушісі халықаралық додада ардагерлер арасында 75 кг салмақ санатында өнер көрсетіп, оң және сол қолмен күш сынасуда бірінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Армрестлингтен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында Астанадан «Толағай» спорт мектебінің спортшылары да өнер көрсетті. Олар қазақстандық команданың қоржынына төрт жүлде салды - 2 алтын, бір күміс және бір қола.
ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Георгий Дзеранов 100 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын алды. ҚР халықаралық санаттағы спорт шебері Әлімжан Мұратов 80 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын, оң қолмен күресте екінші орын алды.
ҚР Спорт шебері Арман Рахманқұлов 85 кг салмақ санатында оң қолмен күресте қола жүлдені қанағат тұтты. Армрестлингтен Әлем чемпионаты Түркияның Анталья қаласында 12-21 қазанда өтті. Жарыста әлемнің 40-тан астам мемлекетінен 1300 тарта спортшы бәсекеге түсті. Турнирде ең үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан құрамасы жастар арасында жалпыкомандалық есепте бірінші және ересектер арасында екінші орын алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!