АҚШ-та сотталған Диас Қадырбаев Қазақстанға жеткізілді
АҚШ-тың Бостон қаласында болған террактіні тергеу барысында сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев Алматыға ұшып келді.
18:38 29.10.2018
Алты жылға сотталған Д. Қадырбаев Америка түрмесінен мерзімінен бұрын босап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылдың 24 қазанында біздің азамат Диас Қадырбаев Алматы қаласына ұшып келді. Қазіргі таңда ол бостандықта. Ол Америкада жазасын толығымен өтеп, Қазақстанға қайтып келді», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.
Айбек Смадияров Қазақстан Республикасының аумағындағы оның жауапкершілігі мәселесін еліміздің құқық қорғау органынан сұрап білу керектігін атап өтті. Еске сала кетсек, 2015 жылы қазақстандық студент Диас Қадырбаев америкалық құқыққорғау органдарына 2013 жылы Бостонда жасалған лаңкестікті тергеу барысына кедергі жасағаны үшін 6 жылға түрмеге кесілген болатын. Қадырбаев терактіні жасаған Джохар Царнаевты танитындығын полицияға хабарламаған. Сонымен бірге, жатақханадағы Царнаевтың бөлмесін жинастырып, тергеуге кедергі келтіргенін мойындады.
Бұдан бұрын ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандық студент түрмеден босап шыққанын және ол АҚШ-тан Қазақстанға жеткізілетінін растаған еді. Бостондағы лаңкестік акті 2013 жылғы 15 сәуірде жыл сайынғы марафон кезінде болды. Екі жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астамы жарақат алды. Жарылысты жасады деген айып ағайынды Царнаевтарға тағылды. Үлкені - Тамерлан полицейлермен атыс кезінде өлтірілді. Джохар арнайы операция кезінде тұтқындалып, алқабилер соты оны өлім жазасына кесті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!