ФОТО: «Кім ақылдырақ?» турнирінің жеңімпаздары анықталды
«Назарбаев орталығында» жыл сайын жоғары сынып оқушыларының арасында «Кім ақылдырақ?» мобильді ойынынан өткізілетін республикалық онлайн-турнирдің қорытындысы шығарылды.
16:53 30.10.2018
Турнирді ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры ұйымдастырды. Турнирдің мақсаты — жастардың бойында танымдық және шығармашылық қабілеттерді дамытуға, IT-білімді қалыптастыруға, білімді оқушыларды анықтауға және ынталандыруға ықпал ету.
«Елбасы еліміздің болашағы бәсекеге қабілетті, білімді жастардың қолында деп үнемі атап өтеді. Бүгінде жастардың оқуы мен жетілуіне барлық жағдай жасалған. Осы жобаны жүзеге асыра отырып, біз жастарды өздерін-өздері одан әрі дамытуға, жаңа білімді игеруге ынталандыруды көздедік. «Кім ақылдырақ?» жобасы қазір танымал болып келеді, бұл ойынды ойнайтындар санының жыл сайын өсуі көңіл қуантады. Биыл бұл ойынға жеті мыңға жуық оқушы қатысты!», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
Ойын негізгі іргелі ғылымдар бойынша ғана емес, көптеген басқа бағыттар бойынша да білімді тереңдетуге ықпал етеді. Ойынға қатысушылардың жауап берген сұрақтары спорт, өнер, тарих, Қазақстанның табиғаты, денсаулық тақырыптарына және тағы да басқа тақырыптарға арналды. Барлығы 30 000 сұрақ құрастырылды.
Биылғы турнирдің ерекшелігі ойынның ағылшын тіліндегі нұсқасының шығуы болды. Турнир жазғы каникул күндерінде қашықтықтан өткізілді. Финалға ұпай санын барынша көп жинаған 8 ойыншы шықты. Финалдық ойында үздік ойыншылар ой-өрістері мен реакция шапшаңдығы бойынша сайысқа түсті.
Осылайша, қазақтілді ойыншылар арасында 1 орынға Орал қаласынан 11 сынып оқушысы Исабек Мұратов, 2 орынға Алматы қаласынан 11 сынып оқушысы Нұрайша Қайысбекова, 3 орынға Шымкент қаласынан 10 сынып оқушысы Әміржан Құдайберген ие болды.
Орыстілді ойыншылар арасында 1 орынға Семей қаласынан 11 сынып оқушысы Антон Мануленко, 2 орынға Алматы облысынан 10 сынып оқушысы Рамиля Ахмет, 3 орынға Алматы қаласынан 10 сынып оқушысы Ерасыл Ернарұлы ие болды. Финалға қатысқан екі ойыншы Шымкент қаласынан келген Жанұзақ Жолдыбай мен Қостанай облысынан Дмитрий Бондарук арнайы диплом мен ынталандыру сыйлығына ие болды.
Турнирдің жеңімпаздарына «2018 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук, планшет, смартфон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды. Іс шараның соңында ұйымдастырушылар «Кім Білгіш?» мобильді ойынының сұрақтары бойынша көрермендер арасында викторина өткізді, өздерін ерекше көрсете білгендер арнайы сыйлықтарға ие болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!