Аудан басшысы шаруаға қол көтеріп, тағы 30 шаруаны қамағысы келген
Өзбекстанның Ферғана облысы Язъяван ауданының басшысы Юлчибай Боййигитов осы аптаның басында өткен жиналыста шаруа Курбонали Джураевты мақта аз өткізгені үшін ұрып, аудан прокурорына оған қарсы қылмыстық іс ашуды тапсырған.
Фото: centralasian.org
11:20 09.11.2018
60 жастағы Джураевтың аудан басшысынан соққы жегенін үш шаруа хабарлады, деп жазады Сentralasian.org.
"Курбонали мен аудан басшысы сөзге келіп қалды. Бастық шаруадан арыз жазып, жерін тапсыруын талап етті. Шаруа жоспарды орындайтынын, бірақ жерді бергісі келмейтінін айтты. Аудан басшысы шаруаны тұншықтыра бастады. Сосын оның жағасынан сілкілеп, балағаттады. Осының бәрін прокурор мен милиция басшысы көріп тұрды. Джураевты күні бойы милиция бөлімінде ұстаған", – деді оқиға куәгерлерінің бірі.
Курбонали Джураев аудан басшысымен жанжалдасып қалғанын жоққа шығармады, бірақ пікір білдіруден бас тартты.
Осы аудандағы тағы бір шаруаның хабарлауынша, сол жиналыста аудан басшысы мақтаны жеткіліксіз өткізген отыз шаруаны қамауға алуға бұйрық берген.
"Отыздан астам шаруаны милиция бөліміне алып барды. Сол жерде оларды түнгі сағат 3:30-ға дейін ұстады. Олардың арасында мен де бармын", – деді шаруа. Оның сөзін тағы екі шаруа растады.
Дегенмен аудандық ішкі істер бөлімі шаруаларды қамауда ұстаған дегенді жоққа шығарып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!