Екі ит 7 жасар баланы шайнап тастады
Талдықорғанда екі питбультерьер жеті жасар баланы талап өлтірген.
19:39 08.11.2018
Талдықорғанда Питбультерьер тұқымдас иттер саяжайдағы үйді күзетуге пайдаланылған. Қайғылы оқиға облыс орталығының саяжайында болған. 6 қарашада итке таланған бала ауыр хәлде ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады, бірнеше сағаттан соң жеткіншек жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Полиция тез арада иттердің иесін тапты, ол 44 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам қалада тұрады, саяжайдағы үйін күзетуге алты-жеті ит ұстайды екен, басым көпшілігі питбультерьерлер. Болжам бойынша, қожайыны жоқта екі питбуль тордан шығып кетіп, балаға шабуыл жасаған. Облыстық полиция баспасөз қызметі бұл деректі растап, баланың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Абайсызда кісі өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Иттердің иесі анықталып, жауап алынды. Ол – саяжайда ит ұстайтын 44 жастағы Талдықорған тұрғыны", — деп мәлімет берді полиция.
Болған жайттан кейін ветеринар қызметі иттерді ұстап, ұйықтатып, сараптамаға сынама алды. Иттердің иесінің үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дереккөз: sputniknews
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!