Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: аман қалған актрисаның жағдайы белгілі болды
Алматыда жантүршігерлік жол апатынан аман қалған актриса Айзада Сатыбалдиеваның хәлі әлі де ауыр.
08:37 04.01.2019
Оның алты қабырғасы мен бұғанасы сынып, жансақтау бөлімінде жатыр. Жантүршігерлік апат таңғы сағат 5-тер шамасында Сейфуллин мен Абай көшелерінің қиылысында болған. Ал Геленвагенмен олар мінген көлікті жаншып өткен 33 жастағы жүргізуші қазір қамауда. Қайғылы оқиғадан тіл тартпай кеткен актриса Шолпан Елгезекова мен тағы бір келіншектің жақындары жүргізуші әділ жазалануы тиіс дейді.
Қиылыстағы қозғалысты төрт жақтан 40-қа жуық камера бақылап тұрған. Соған қарамастан, апатқа кінәлі Геленвагеннің жүргізушісі қақтығыстан соң ізін жасырып үлгеріп тек бір күннен кейін табылады.
33 жастағы жүргізуші қазір қамауда. Ол сол күні мас күйінде рөлге отырыпты. Ал апаттан тіл тартпай кеткен үш азаматтың бірі актриса Шолпан Елгезекова. Ол биыл шілдеде көрсетілімге шыққан «Шабдалы» фильмінде басты рөлде ойнаған. Сондай-ақ көлікте марқұмның тағы бір құрбысы болыпты. Қатты соққыдан 40 жастағы келіншек те жүргізуші де бірден жан тәсілім еткен.
Ал апаттан аман қалған актриса Айзада Сатыбалдиеваның жағдайы әлі де ауыр дейді дәрігерлер. Оның сауығып кетуін жамағат болып сұрауда.
«Қазіргі таңда жағдайы ауыр. Керекті емін алып жатыр. Қосарланған ауыр жарақат, жабық бас ми жарақаты, соғылуы көптеген қабырғаларының сынуы, травматикалық шок. Әлі реанимация бөлімшесінде», - деді Оңласын Ибекенов, Жедел көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!