Жол ережесін 555 рет бұзған астаналыққа 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды
Астана жолдарында жүрген 30 жүргізушінің айыппұлы миллиондаған теңгені құрады.
08:16 11.01.2019
Оларды полиция іздеуде. Айыппұлдардың жалпы сомасы 106 858 960 теңгені құрады, деп хабарлайды Елорда Инфо. Ең көп айыппұл - 6 225 405 теңге. Ол Kia Rio және Škoda маркалы екі автокөлікке бір нөмірмен жүрген жүргізушіде.
«Астанада өткен жылдың сәуір айынан бастап Полиция департаменті «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шараларын өткізді. Іс-шаралар шеңберінде Астана аумағында, сондай-ақ барлық «Рубеж» бекеттерінде көлік ағынын бақылаудың автоматты жүйесін, электрондық планшеттерді және «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдалана отырып, әкімшілік айыппұл бойынша борышкерлер анықталды. Жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде базада жоқ, жалған немесе шетелдік нөмірлер мен жалған мекен-жай көрсетілген 800-ге жуық жүргізуші тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда қалалық Полиция департаменті жалған немесе шетелдік нөмірлермен жүретін және өзін жазасыз сезінетін тәртіп бұзушыларды анықтауда. Астанада өткізілген кешенді іс-шаралардың арқасында жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға, ЖКО-да жараланғандардың саны 16%-ға азайды және жолдардағы өлім-жітім екі есе азайды (48 %).
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!