Атырау тұрғыны бес мың теңге үшін 5 жылға сотталып кетті
Атырау тұрғыны бес мың теңгге 0,86 грамм марихуана сатқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.
13:27 11.01.2019
№2 қалалық сотта 45 жастағы азаматқа қатысты сот үкімі шыққан. Азамат Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-тармағы (Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша айыпталып отыр. Іс материалдарына сәйкес сотталушы өткен жылдың қазанында танысына 5 мың теңгеге 0,86 грамм марихуана сатқаны анықталды.
"Сот отырысында сотталушы мен оның адвокаты кінәсін мойындау туралы келісім түріндегі іс жүргізу келісімін жасауға өз еріктерімен ниет білдірген. Олар іс-әрекеттің саралануына, іс бойынша дәлелдерге және тағылған айыптарға дау айтпады", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінде.
Жағдайды ескере отырып, сот 45 жастағы атыраулық азаматты бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Дереккөз: azh.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!