Шоқындыру мерекесінде мұсылмандарға суға түсуге бола ма: имам жауап берді
Мешіт ұстазы мұсылман қауымның өзге дін өкілдеріне құрметпен қараса да, олардың салт-жоралғыларын орындауға болмайтынын айтады.
08:35 15.01.2019
19 қаңтар күні христиандар шоқыну мерекесін атап өтеді. Бұл күні жұрт далада мұздай суық суға түсіп, тиісті салт-жоралғыларды орындайды. Жыл сайын осы мерекеде мұсылмандар да суға түсіп жатады. Бірі олардың бұл әрекетін құптап, ешқандай әбестік жоқ екенін айтса, екіншілері түбегейлі қарсы. Осы орайда, мешіт имамынан шариғат бойынша бұл сұрақтың жауабын сұрап көрдік.
Христиандардың мерекесі кезінде өзге дін өкілдерінің далада мұздай суға түсіп, жұрттың сынына ұшырауы жиі кездеседі. Олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Осыдан үш жыл бұрын оның әрекеті желі қолданушыларын қатты таңғалдырып, көпшілік сынаған еді. Тіпті, желі қолданушылары одан «Дініңізді ауыстырдыңыз ба?» деп сұрап жатты. Арасында мұның шоқыну мерекесіне еш қатысы жоқ екенін айтқандар да бар.
«Крещениеде үш рет сүңгиді. Ол екі рет сүңгіді. Шоқыну түнгі уақытта болады. Бұл жерде дала жарық. Жарайсың, ем болсын», — деп қорғады әншіні желі қолданушыларының бірі.
Кейін әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы болған жағдайды түсіндіріп, мұның христиандар мерекесіне еш қатысы жоқ екенін айтты.
Шариғат не дейді?
Осы орайда, Қарағанды облысы Әнет баба мешітінің наиб имамы Ысқақ Әбдірахманов бұл туралы шариғатта не жазылғанын түсіндіріп берді.
«Мұсылман қауым христиан мен яһуди дініндегілерді өзге діндегілерден бір саты жоғары санаған. Оларды «әһли китаб», яғни «кітап иелері» деп те атаған. Сондай-ақ, мұсылман қауым қай заманда болсын, өзге дін өкілдеріне ерекше құрметпен қарап, олардың діни рәсімдерін орындауына кедергі жасамаған. Яғни біз де алдыңғы буынның жолын жалғастырушы ретінде христиан дін өкілдерінің мерекесіне құрметпен қараймыз. Бірақ бұл мұсылмандарға өзге дін өкілдерінің жоралғыларын орындап, мереке кезінде мұздай суға шомылуға болады деген сөз емес», — дейді Ысқақ Әбдірахманов.
Сондай-ақ, Ысқақ имам мұсылман қауым үшін бұл күнді қасиетті деп санап, суға оны киелі деп есептегендіктен шомылған жағдайда шариғат үкіміне қарсы келетінін айтты. Өйткені бұл күнді қасиетті деп санау мұсылманның өзге дінге бойұсынатынын көрсетеді.
Бұл туралы Құрандағы аяттардың бірінде «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» деп жазылған. Өскемен қаласы Халифа Алтай мешітінің ұстазы Әйгерім Ерболат мұздай суға денсаулық үшін деп түсіп жатса, еш әбестігі жоқ екенін айтады. Бірақ, бұл күннің қасиетті екеніне сеніп, басқа оймен түсу — қате.
Дереккөз: sputniknews.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!