Алматыда түнгі клуб күзетшісі адам өлтірді
Алматыда түнгі клубтардың бірінде кісі өлімі тіркелді.
11:35 17.01.2019
Аталған мекеменің күзетшісі мас күйінде өзінің танысын пышақтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қалалық полиция көңіл көтеру орнының басшысы, «Голд Люкс» ЖШС директоры Райымбек Биқалиевті әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған ҚР ӘҚбК 493-бабының 3-бөлімімен 50 500 теңге айыппұл салынды.
«Клуб иесі күзетшіні жұмысқа қабылдау кезінде селқостық танытқаны үшін жазаланып отыр. Бұл адам бұрын сотталған болып шықты. Осылайша ол келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек түгілі олардың өміріне қауіп төндірген. Соның кесірінен адам өліп отыр. Бірнеше күн бұрын күзетші ішімдік ішіп алып, өзінің танысымен жанжалдасып, артынан пышақтап тастаған. Ер адам сол жерде көз жұмды. Қазір күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Дәурен Утебаев.
Сонымен қатар, құзырлы органдар аталған демалыс орнының орналасуынан да заңбұзушылықтар тапты. Бұл түнгі клуб Іле-Алатауы ұлттық паркінің территориясында, су аймағында орналасқан. Клуб иесі ғимаратты өз еркімен бұзу туралы өтінішті елемеген. Енді бұл ғимарат сот арқылы мәжбүрлі түрде сүрілетін болады. Мұның алдында Алматы полициясы қылмыс жиі болатын дәмханалардың тізімін жасаған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!