Украинаның экс-президенті Янукович сотталды
Киевтің Оболонский соты Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті "мемлекетке сатқындық жасады және басқыншылық соғыс ашуға көмектесті" деп айыптап, жаза кесті.
08:48 25.01.2019
24 қаңтарда өткен отырыста судьялар Януковичке тағылған айыптар толық дәлелденді деп, сырттай 13 жылға соттады. Судьялар "Янукович Ресей билігінен Украинаға әскер кіргізуді өтінген және оған дәлел жеткілікті" деп санайды.
Сот экс-президентті "Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғуға септесті" және "Майдандағы бейбіт шеру кезінде халыққа оқ атты" деген айыптар бойынша ақтады. Украина бас прокуратурасы Януковичті 15 жылға соттауды сұраған. Сот Януковичке 70-ке жуық шақырту жібергенімен, ол сотқа келмеді. Адвокаттары Януковичке операция жасалғанын және емделіп жатқанын айтқан.
Сот 5 желтоқсанда Янукович ауруханадан видео арқылы қосылып, соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берген. Бірақ ол соңғы сөз айту құқығын пайдаланудан бас тартқан. Янукович өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Дереккөз:.centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!