Оралда кондуктор 8 жастағы оқушыны аязда автобустан шығарып жіберді
Оралда № 2 бағытында жүретін автобустың кондукторы сегіз жастағы баланы жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кеткен.
08:00 26.01.2019
Оқиғадан соң бала бір сағат өткен соң үйіне жылап келген. Оқиға «№31 орта мектеп» аялдамасында болған.
«Менің ақшам болды. Мен қалтамнан алайын деп іздегенімде, түсіп қалған болып шықты. Кондуктор ұрыса кетті, сосын мені түсіріп тастады», – деді Ерасыл есімді оқушы. Бала үйіне дейін бір сағаттай жаяу жүрген.
Ерасыл Ризаков 3-сынып оқушысы. Ол үйіне дейін аязда жаяу келген. 23 қаңтарда баланы №2 автобусқа отырып, үйіне қайтпақ болған. Ата-анасы баласы сабақтан келмеген соң алаңдай бастаған. Мұғаліміне хабарласқанда, ол автобусқа отырғанын айтады. Сосын Ерасылды іздей бастайды. Оқиғаны білгеннен кейін оқушының анасы автопарк басшылығына шағым білдірген.
«Кешкі сегіз жарымда ұлым үйге келді. Ол бәрін айтып берді. Кондуктор үшін баланың өмірі 40 теңге ме?», – деді анасы Сандуғаш Шойынжанова.
Орал қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі осы жағдайға қатысты дереу әрекет етіп, кінәлі тұлғаларды анықтады.
«Қызметтік тексеру жүргізілді. «Урал ТехСервис» ЖШС басшылығы кондуктордың кім екенін анықтады. Ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол жұмыстан босатылды, оны жұмыстан босату туралы бұйрық шықты», - деді бөлім басшысы Айдар Менеев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!