Қазақстандықтарға салық берешегі туралы SMS-хабарлама жіберіледі
Қазақстанда жыл соңына дейін салық берешегі туралы SMS-хабарлама енгізіледі.
15:11 28.01.2019
Сондай-ақ, әрбір салық төлеуші қарызының бар-жоғын eGov порталынан, салық төлеушінің жеке кабинеті мен банктің онлайн-сервистерінен тексере алады. Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар» тақырыбында үкімет сағаты өтіп жатыр. Жиында салық берешегі бар азаматтардың шетелге шыға алмау мәселесі де айтылды.
Бұл проблеманы Мәжіліс депутаты Ирина Аронова көтерді. Оның айтуынша, салық берешегі бар азаматтар елден шыға алмайды. 2018 жылғы маусымдағы жағдай бойынша, 4 мыңға жуық Қазақстан азаматына осындай шектеу қойылған екен.
«Бір өкініштісі, салық төлеушілердің көбі бұл туралы тек әуежайда, бақылау қызметінен өткен кезде білген. Жеке тұлғаларды салық берешегі жайлы смс-хабарлама арқылы алдын ала ескертуге болмай ма?», - деп сұрады Аронова.
Министр шекара асатындар үшін салықты әуежайда төлеу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. Айтуынша, салықтың төленгені туралы ақпарат дәл сол сәтте келеді.
«Біз үкіметтің электронды шлюзі арқылы тікелей банктермен кіріктірілдік. Бұл бір-екі минут ішінде төлем туралы ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Сондықтан шетелге шыққанда мұндай проблема жоқ», — деді Смайылов.
Осы орайда ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова салық берешегі туралы SMS-хабарлама жіберу үшін мобильді мәліметтер базасы жасалып жатқанын айтты.
«Осы мақсатта азаматтардың мобильді базасы құрылды. Біз оны толтыру үшін белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі күні базада 7 млн-ға жуық азамат тіркелген. Бұл осында тіркелген азаматтарға смс-хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, мобильді база екі жыл ішінде толық толтырылады», - деді Щеглова.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!