Ақтөбелік шекарашылар пойыз жолсерігінен 125 пышақ тапты
Ақтөбелік шекарашылар «Ташкент - Мәскеу» бағытындағы пойыздан қапқа салынған пышақтар тапты.
15:39 28.01.2019
Вагон жолсерігі ұсталды. ҚҚ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Жайсаң-теміржол» тексеру-өткізу пунктінде Ақтөбе шекара жасағының наряды «Ташкент - Мәскеу» бағытындағы № 005 жолаушылар пойызын тексерген. Оның барысында вагондардың бірінен қолданылған төсек жабдықтары салынған қаптың ішінен 125 пышақ табылды. Пышақтар Қытайда жасалған.
«Олар жолсеріктер бөлмесінен табылғандықтан, сол вагонның жолсерігі, 51 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталып, Жайсаң бекетінің желілік полиция бөлімшесіне тапсырылды», - делінген таратылған хабарламада.
Сондай-ақ өткен демалыс күндері семейлік шекарашылар «Риддер - Астана» бағытымен кетіп бара жатқан № 375 жолаушылар пойызын тексеріп, вагондардың бірінің әжетханасынан есірткі түйіншегін тапқан. Иісшіл ит тапқан салмағы 20 грамға жуық зат марихуана екені анықталды. Осы ит түйіншектің иесін көптеген жолаушылар арасынан да тауып берген.
«20 жастағы қазақстандық Семей қаласындағы желілік полиция бөліміне тапсырылды», - деп мәлім етті ҚР ҰҚК ШҚ-дан.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!