Ақтөбе облысында өткен жылы 101 жасөспірім қыз жүкті болып қалған
Жүкті болған қыздардың 57 пайызы - қала, 43 пайызы - ауылда тұрады.
09:40 06.02.2019
Оның екеуі - 14 жастағы оқушы. Ақтөбе облысы бойынша 2018 жылы 101 жасөспірім жүкті болды. Жүкті болған қыздардың 57 пайызы - қала, 43 пайызы - ауылда тұрады. Балалар гинекологы Салтанат Тобылбаеваның айтуынша, жүкті жасөспірімдердің 90 пайызға жуығы - 17-18 жаста, кәмелет жасына толған. Ал 11-і - 16 жаста, екеуі - 15 және екеуі - 14 жаста болды.
«Жүкті қыздардың 73 пайызы толық отбасынан шыққан, ата-анасы бар. Ал 27 пайызы толық емес отбасынан тіркелді. Ал 6 қыз өткен жылы жүктілігін үзді. Себебі, 14-15 жасында баланы сақтап қалу қыздардың денсаулығына қауіп төндіреді. Негізі 18 жасқа толмаған қыздар гинеколог дәрігерге ата-анасымен бірге келуі керек. Егер жасөспірім жүкті болса, оны сақтау, үзу тек ата-анасының рұқсатымен, қамқоршысының келісімімен жасалады. Дәрігер ретінде айтарым, отбасында тәрбие жоқ. Бұрын балалар сөйлесіп, ішіндегіні айтса, қазір балалар өзі туралы сыр ашпайды, тұйық. Өз проблемаларымен оңаша қалып қойған», - дейді балалар гинекологы Салтанат Тобылбаева.
Ақтөбе облысында жыл басында оқушы қыздың жүкті болғаны анықталды. Гинеколог дәрігер Гүлнар Жанбосынованың айтуынша, қаңтарда оқушы қыз тексерілуге келген.
«Кәмелет жасына толмаған қыз кеңес алуға келді. Ол тұрғылықты мекенжайы бойынша гинеколог дәрігерге қаралуы тиіс. Дәрігерлік кеңес комиссиясына да шақырылады. Дәрігерлер жүктілікті сақтау немесе үзу туралы шешім қабылдайды. Ата-анасымен келмеген соң қарамай, тұрғылықты мекенжайына жібердім. Содан бері хабар жоқ», - дейді Гүлнәр Жанбосынова.
Айта кетейік, балалар гинекологы кәмелетке толмаған жүкті қыздарды анықтаған кезде бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасына жібереді. Ал денсаулық сақтау басқармасы полицияға хабар береді.
Дерекөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!