Тараздағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен құрылған комиссия мүшелері Тараз қаласына аттанды.
11:14 27.02.2019
Деректер бойынша, көпқабатты тұрғын үйде газ жарылған. Оқыс оқиға Тараздағы 9 шағын ауданның бірінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орын алған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты.
Жарылыс салдарынан 14 жастағы жеткіншек бас жарақатын алып қалған. Кәмелетке толмаған жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оған ота жасалынып жатыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласындағы төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылған.
Мәліметке сүйенсек, 27 ақпанда сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шы шағын аудандағы 62-ші үйде жарылыс болған. Төтенше оқиға салдарынан тұрғын үйдің 1-3 қабаттары құлаған. Бастапқы деректер бойынша, жарылыс екінші қабаттағы 46-шы пәтерде шығыпты.
Төтенше жағдайлар комитетінің күшімен қажетті мамандар мен техника жұмылдырылып, үйдің барлық тұрғыны көшірілді. Үйінді астынан 8 адам шығарылды, екеуі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі - орташа ауыр.
Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №47 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдай жасалған. Медицина қызметкерлері мен психологтар тұрғындармен жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің болжамы бойынша, Тараздағы тұрғын үйде орын алған жарылысқа газ құрылғысын дұрыс пайдаланбау себеп болуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары