Бақытжан Сағынтаев ҚР Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалды
Елбасы Бақытжан Сағынтаевты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
16:56 01.03.2019
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады
"Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалсын", - делінген президент қол қойған жарлықта.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 ақпан күні республиканың оныншы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға жіберді. 25 ақпан күні премьер-министр лауазымына Асқар Мамин тағайындалды.
Бақытжан Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келді. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, экономист, саяси экономика пәнінің оқытушысы.
Әр жылдары премьер-министрі кеңсесінің жетекшісі, Павлодар облысының әкімі, экономикалық даму және сауда министрі, өңірлік даму министрі, үкімет басшысының бірінші орынбасары, "Нұр Отан" ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылдың 10 қыркүйегінен 2019 жылдың 25 ақпанына дейін Қазақстан премьер-министрі болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!