Алматыда жол жөндеп жатқан жұмысшыларды көлік қағып кетті
Абырой болғанда зардап шеккендер тірі қалған.
08:47 14.03.2019
Алматыда ВАЗ-2170 автокөлігінің жүргізушісі шұңқыр жөндеумен айналысып жатқан екі жұмысшыны қағып кетті, салдарынан екеуі де жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы Алматы қаласының Медеу ауданында Тәтібеков пен Станиславский көшелерінің қиылысында болды.
Таңнан бері шұрық-тесік жолды жамап жатқан жұмыскерлер көлік иелеріне айналып өтуді ескертетін белгі қойылғанын айтады. Өкініштісі, оны елемеген жүргізуші жол ортасында қарбаласқандарды басып-жаншып өте шыққан көрінеді. Дәрігерлердің дерегінше, түрлі дене жарақатын алып, миы шайқалған екі адам ауруханаға жатқызылған. Әзірге жүргізушінің қандай жылдамдықпен жүйткігені белгісіз. Полицейлер істің ақ-қарасын анықтап жатыр. Алайда, көлікті тізгіндеген жігіт апат болған жерде ешқандай ескерту белгі қойылмағанын алға тартып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!