Көрісу күні: Елімізде Амал мерекесі тойлануда
Елімізде халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Көрісу күні немесе Амал мерекесі басталды.
12:41 14.03.2019
Амал еліміздің батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахань, Саратов, Самар, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар арасында кеңінен тойланады. Таң атысымен жасы кіші адам жасы үлкен ағайын-тумаларға, сондай-ақ көршілерге барып "Бір жасыңмен!", "Жасың құтты болсын!" деп көрісіп, жаңа жылға аман-есен аяқ басуымен құттықтайды. Бұл күні арадағы барлық өкпе-реніш кешіріліп, амандық-саулық тілеседі. Үй иелері алдын ала үйді,оның айналасын жинастырады. Мол дастарқан жайылады.
Көрісу күнінің тарихы туралы халық арасында әртүрлі болжам, әртүрлі пікір бар. Қатынайтын көлік құралы ат пен арба болған заманда алды үш ай, арты алты ай қыста бір-бірінен байланыс үзген ана жұрт пен мына жұрт қар еріп, күн жылынғанда қайта қауышып, көріседі екен, ол күн Наурыз айының ортасына тұспа-тұс келген, сол дәстүрден осы Амал мерекесі пайда болды деген болжам бар.
Батыстың қысы қыс, жазы жаз. Қысы жұмсақ оңтүстік және өзге өңір емес, ызғарлы, боранды, қалың қарлы Батыста қыстан аман шығудың нағыз құбылыс екені шындық. Бәлкім, оның мейрам ретінде сақталып қалуына түрткі болған да осы табиғат ерекшелігі шығар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!