Жомарт Ертаев Қазақстанға экстрадицияланды
Қазақстан Республикасы Бас прокуратура қызметкерлері қылмыстық жауапқа тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялады.
09:20 15.03.2019
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды. Оған былтыр наурыз айында халықаралық іздеу жарияланған болатын.
«Жомарт Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдалана отырып, басқа тұлғалармен алдын ала келісу арқылы «BANK RBK» АҚ-ның 144 млрд теңгесін жымқырды деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ертаевпен бірге ақша жымқырды деп 54 адамнан, оның ішінде 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлерінен күдіктеніп отыр. Олар мұның алдында экстрадицияланған Ибрагим Б., Мәженов И., Туғанбай Д., Едігенев Д., Мамырбеков А., Шарипов Т. және басқалар. Тергеу барысында қабылданған шара нәтижесі бойынша, 15 миллиард теңге өтелді және 48 миллиард теңге тұратын мүлік тәркіленді.
Қазіргі таңда арнайы прокурорлар іс бойынша тергеуді аяқтады, процеске қатысушылар материалдармен танысып жатыр. Ертаев Астана қаласының тергеу абақтысына жабылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!