Ғалымдар күніне 2 жұмыртқадан артық жемеуге кеңес берді
Америкалық ғалымдардың айтуынша, күніне екі жұмыртқадан артық жеу жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу тәуекелін арттырады.
15:17 16.03.2019
Чикагоның Солтүстік-батыс университеті профилактикалық медицина департаментінің мамандары арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде күніне үш-төрт жұмыртқадан артық жеу адамның өміріне қауіп төндіретіні анықталды, деп хабарлайды CNN.
Америка медицина қауымдастығының журналында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, үш-төрт жұмыртқаның құрамында 550-ден 750 миллиграмға дейін холестерин бар (бір жұмыртқада орта есеппен 186 мг). Сондықтан күніне екі жұмыртқадан артық жейтін адамдардың ағзасында холестериннің орташа тәуліктік нормасы 60%-ке асып кетеді. Ал бұл адамның жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығуына әкеп соғуы мүмкін.
Ғалымдардың сөзіне сенсек, әрбір 300 мг холестерин жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу тәуекелін 3,2%-ке, ал ерте өлім қаупін 4,4%-ке арттырады екен. Күніне желінген әрбір жарты жұмыртқа ауруға шалдығу қатерін 1,1%-ке арттыратын көрінеді. Мамандардың зерттеу жұмысына 29 мың адам қатысты.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!