Жүкембаев пен Сабыров Канададағы жекпе-жектері алдында салмақ өлшеді
17 наурыз күні таңертең Батыр Жүкембаев (14-0, 12КО) пен Нұрзат Сыбыров (8-0, 7КО) Канаданың Монреаль қаласында кезекті жекпе-жектерін өткізеді.
01:00 17.03.2019
Айқас алдында қазақстандық қос боксшы мен олардың қарсыластары міндетті салмақ өлшеу рәсімінен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстанның кәсіпқой боксы» аккаунтындағы мәліметке сәйкес, Жүкембаевтің салмағы - 141,2 фунт, оның оппоненті, мексикалық боксшы Хильберто Месанікі (10-5-1, 6КО) 141,5 фунт болды. Бірінші орта салмақтың лимиті - 140 фунт. Дегенмен, аздаған ауытқуға жол беріледі.
Ал Сабыров аргентиналық Сесар Эрнан Рейноспен (15-11-4, 7КО) жекпе-жек алдында 172,2 фунт салмақ тартты. Рейнос таразыда 170,2 фунт көрсетті. Суперорта салмақтағы лимит - 168 фунт. Титулдық емес осындай айқастарда салмақтың асып кетуіне рұқсат беріледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жүкембаев пен Сабыровтың жекпе-жектерін тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Трансляция жексенбі күні, Астана уақытымен таңғы сағат 07.10-да басталады. Сабыров - Рейносо айқасы сегіз раундқа есептелген. 25 жастағы Нұрзат «Eye of the Tiger Managament» канадалық промоутерлік компаниясының қамқорлығында. Ол 2018 жылдың 24 қарашасында өткен соңғы кездесуінде мексикалық боксшы Рокки Монтояны (32-3, 22 КО) екінші раундта нокаутқа жіберген болатын.
Ал Батыр Жүкембаев әу-баста мексикалық боксшы Карлос Хименеспен (14-9-1, 8КО) жұдырықтасуы тиіс болатын. Алайда, Хименестің виза мәселесінде қиындықтар туындап, оған Канадаға сапар шегуге рұқсат берілмеген. Енді қазақстандық боксшы Мексиканың өзге өкілі Хильберто Месамен шығады. Батыр соңғы кездесуін былтырғы жылдың 6 қазаны күні Квебекте өткізген еді. Ол мексикалық спортшы Патрисио Лопес Мореноны (21-3, 15КО) жетінші раундта нокаутқа түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!