Маңғыстауда 10 жасар бала екпеден кейін дертке шалдыққан
Маңғыстау облысында он жасар баланың екпеден кейін басы ауырып, әлі күнге дейін басылмаған.
14:28 17.03.2019
Екпеден кейін басы ауырып, басылмай қойған баланы қосымша тексеруге Астанаға жібермек. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Маңғыстау-5 ауылында 10 жастағы баланың ауырып жатқанына бір жарым ай болған. Ата-анасының айтуынша, бұған себеп бала оқитын мектепте жүргізілген қызылшаға қарсы екпе болған екен. Бала 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында облыстық балалар ауруханасында стационарлық ем қабылдайды. Алайда одан еш нәтиже шықпай, бас ауруы тоқтамаған.
28 ақпан мен 7 наурыз аралығында науқасты неврология бөліміне жатқызады. Дәрігерлер алты сағаттық электроэнцефалография жүргізіп, балаға диагноз қойыпты - симптомдық эпилепсия.
"Қазір дәрігерлер баланы үнемі бақылап отыр. Тиісті ем жүргізілуде. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл жайт тексеріліп, жақында анық-қанығы белгілі болады. Қазір балаға тыныштық керек", - деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Баланы қосымша тексеруден өткізу үшін Астанаға жіберу жоспарланыпты.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!