Тарихи жеңіс: Қазақстан Шотландияны ойсырата ұтты
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады.
09:41 22.03.2019
Топтағы алғашқы ойында отандастарымыз Шотландияны ойсырата ұтты. Алғашқы минуттан біздің құрама сапында Дмитрий Непогодов, Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Евгений Постников, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Александр Меркель, Юрий Перцух, Бактиёр Зайнутдинов және Роман Муртазаев шықты. Ал Шотландия құрамында Скотт Бейн, Лиам Палмер, Грэм Шинни, Скотт Маккена, Дэвид Бейтс, Каллум Макгрегор, Джон Макгинн, Джеймс Форрест, Стюарт Армстронг, Оливер Берк, Оливер Макберни болды.
"Астана Аренада" өткен ойында қазақстандық футболшылар қарсыластарын 3:0 есебімен ұтты. Жаңа жаттықтырушы Михал Билек өзінің алғашқы ресми ойынында командамен жеңіске бастар жолды тапты. Ойындағы алғашқы голды, жалпы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі алғашқы голды Юрий Перцух соқты. 6 минутта Александр Меркель берген пасты сәтті пайдаланып, есеп ашты. Ал араға 4 минут сала Ян Вороговский есепті еселеді.
Екінші тайм басында Ресейдің "Ростов" командасында ойнайтын Бахтиер Зайнутдинов есепті еселеді. Гафуржан Сүйімбаевтың әуелете асырған добын баспен қарсылас қақпасына тоғытты. Есеп 3:0. Таблодағы нәтиже сақталып, Қазақстан құрамасы айқын жеңіске жетті. 3 ұпаймен топта көш басына шықты.
Біздің құрама енді 24 наурызда Ресей құрамасын қабылдайды. Дәл осы күні аталмыш топта Кипр мен Бельгия, Сан-Марино мен Шотландия құрамалары кездеседі. Қазақстан соңғы рет өз алаңында 2018 жылдың 16 қазанында Андорра құрамасын 4:0 еесбімен жеңген еді. Бұл Ұлттар лигасының іріктеу кезеңі болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!