Атырауда суға батқан қызды құтқармақ болған полицей мерт болды
Атырауда полиция суға батқан әйелді құтқарып, өз мерт болды.
11:37 22.03.2019
Бұл жайында ҚР ІІМ кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз айтты. 21 наурыз күні кешкі сағат 21-52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін хабарлады. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамы шұғыл арада құлақтандырылды. Оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержаны Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға түскен.
Шалқарға көмекке өзімен бірге бөренені алып суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов ұмтылған.
«Суға батқан адамға жеткен кезімде Шалқар ағысқа төтеп бере алмай батып кетті. Әйелді құтқару маңызды болды. Оның үстіне әйел «ол мен үшін өлді» деп айқайлап, есті шығарды», - деп еске алады Рүстембек Сүндетов.
Ажалдан құтқарылған Батыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханасының реанимация бөлімшесіне жеткізілген. Ал Рүстембектің әріптесін өз бетінше іздеуі еш нәтиже бермеді. 3 градус мұздай суда сіңірі тартылған 30 жастағы кіші лейтенант Сүндетов жағаға өзі жүзіп жеткен. Сағат 00.50 Шалқар Ақымғалиевтің денесі оқиға орнынан төмен жақтағы жағалаудан табылды.
"Ол өз міндетін атқару барысында, суға кеткен әйелді құтқарамын деп ерлік жасап, ажал құшты. Ішкі істер органдарының жеке құрамы мен басшылығы қайғырып, марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтады", - деді Нұрділдә Ораз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!