Жас босанған келіншек бір айдан кейін тағы бір ұл мен қызды өмірге әкелді
Бангладеш тұрғыны босанғаннан кейін бір ай ішінде дені сау егіздерді өмірге әкелген.
13:48 28.03.2019
Бангладеште тұратын жас отбасы – 20 жастағы Арифа Султана мен күйеуі Сумон Бисуоз 25 ақпанда алғаш рет перзент сүйіп, ата-ана атанған екен. Жас ана нәрестесімен бірге жаңа өмірге енді қалыптасып жатқанда, 26 наурыз күні тағы да перзентханаға түседі.
Келіншек көп ұзамай егіздерді босанды, жаңа туған ұл мен қыздың денсаулығы өте жақсы, дейді дәрігерлер. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, Арифаның екі жатыры бар екен, сол себепті босанғаннан кейін егіздерге әлі де аяғы ауыр екенін білмеген. Бұл табиғатта өте сирек кездесетін құбылыс екен. Бірінші баласын туғаннан кейін 26 күнде тағы да суы кетіп, перзентханаға жеткізіліпті.
Тұрмыс деңгейі орташа жас жұбайлар жарық дүние есігін енді ашқан сәбилерін өсіруге шамамыз жетер ме екен деп уайымдайды. Дегенмен отағасы үш баласын да ешкімнен кем қылмаймын деп өзіне серт беріп отыр.
"Алланың берген сыйы шығар, сәбилерімнің бәрі дені сау болып туды. Оларды бақытты ету үшін барымды саламын", - деді үш баланың әкесі Сумон.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!