Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 1 млн теңгеден беріледі
Қызылорда облысында тікұшақ апатында қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына Маңғыстау облысының әкімдігі миллион теңгеден бөледі.
17:55 28.03.2019
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтаудан Шымкентке бағыт алған тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза болған майор Костыгов Роман Петровичтің отбасына көңіл айтқаны хабарланды. Шейіт болған 13 адамның 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінің қызметкерлері.
"Қайғылы оқиғада қаза тапқан Маңғыстаудағы 30153 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарған əрбір отбасыға облыс әкімдігі атынан 1 миллион теңге көлемінде материалды көмек көрсетіледі. Отан алдындағы борышты өтеу кезінде қыршын кеткен жігіттердің қазасы орны толмас қайғыға душар етті. Егемендікті мәңгі баянды ету жолында шейіт болған жауынгерлердің туған-туыстарына Маңғыстау облысы тұрғындарының атынан және облыс әкімінің атынан қайғырып көңіл айтамын", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Еске салайық, 27 наурызда Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, бортта болған барлық 13 адам қаза тапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!