Ер адам бір метрден асатын жыланды шалбарының ішіне салып ұрлап кетті
АҚШ-тың Роквуд қаласында жануарлар дүкенінен корольдік питон ұрланды.
01:41 30.03.2019
Оны белгісіз ер адам шалбарының ішіне тығып алып шыққан. Зоодүкендегілер корольдік питонды сатып алатын адамдарды тапқан. Алайда жыланды жаңа иесі алып кеткенше, бауырмен жорғалаушы жоқ болып кетіпті.
Бастапқыда дүкен қызметкерлері питон тордан шығып кетті деп ойлаған. Алайда бақылау камерасындағы жазбаны көргеннен кейін оның ұрланғанын білді. Белгілі болғандай, жыланды ер адам ұрлап кеткен. Ол сатушылардан жыландар туралы көп сұраған. Алайда егеуқұйрық сатып алғысы келетінін айтыпты.
Артынша дүкен бақылаусыз қалған кезде ұры ұзындығы 1,2 метр болатын питонды тордан алып шығып, шалбарының ішіне тығып жіберген. Мұнан кейін ол егеуқұйрық үшін ақша төлеп, кетіп қалыпты. Питонның құны 100 доллар (38 мың теңгеге жуық) тұрған. Роквуд полиция департаменті видеоны желіде жариялап, ұрыны табуға көмектесуді сұрады.
Дереккөз: Stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!