Қарағандыда мерзімінен бұрын босатылған бұзақы қайта түрмеге қамалды
38 жастағы қарағандылық шартты түрде мерзімінен бұрын босату ережесін бұзғаны үшін қайтадан темір тордың ар жағына оралды.
09:22 30.03.2019
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары «бас бостандығынан айыру орындарынан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған» азаматтың тәртіп бұзғанын анықтаған. Тәртіп сақшыларының қадағалауында болғанына қарамастан, түрмеден мерзімінен бұрын босатылған 38 жасар қарағандылық әкімшілік заңнаманың нормаларын бірнеше рет бұзған. Спирттік ішімдік ішіп, жұбайын соққыға жыққан.
Сондай-ақ, бұзақы әрекеттерімен көршілерінің мазасын алған. Тергеу барысында «шартты түрде босатылған азаматқа» қатысты әкімшілік жаза қолданылған. Ол аздай, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР Заңының 20-бабына сәйкес қорғау ұйғарымы шығарылған.
Алайда, бұл әрекеттер бұзақының дұрыс жолға түсуіне еш әсер етпеген. Учаскелік полиция инспекторларының бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, ол тәртіп бұзуын жалғастыра берген, деп жазады ҚазАқпарат. Нәтижесінде ҚР Қылмыстық Кодексі 72-бабының 7-тармағына сәйкес, 38 жастағы азаматқа қатысты Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы ұсыныс жолдады.
Оның қорытындысы бойынша 2019 жылғы 13 наурызда Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының соты ұсынысты қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігін, яғни 3 жыл 7 ай 20 күнді ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өткізу туралы қаулы шығарды. Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс секторында бүгінгі таңда «бас бостандығынан айыру орындарынан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдар» санаты бойынша профилактикалық есепте 40 адам тіркеуде тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!