Тікұшақ апаты: Батыс қазақстандықтар капитан Сырым Мәсәліммен қоштасты
Бүгін Батыс Қазақстан жұртшылығы Қызылорда облысы аумағында апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағында болған капитан Сырым Мәсәлімді соңғы сапарына шығарып салды.
12:34 31.03.2019
«Сарытау» шағын ауданындағы №50 мектеп ауласында өткен қаралы жиында марқұмның ата-анасы мен тума-туысқандарына өңір жұртшылығы атынан облыс әкімі Алтай Көлгінов көңіл айтты.
«Қызылорда облысында болған тікұшақ апатынан 13 әскери қызметкер қаза тапты. Соның бірі - Сырым Мәсәлім бауырымыз. Бұл - орны толмас ауыр қаза. Олар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге адал қызмет етті. Осындай ұл тәрбиелегені үшін Сырымның ата-анасы Мәлкей аға мен Нәзия апаға басымызды иіп, ризашылығымызды білдіреміз. Осыншама ел жиналып, қайғыларыңызға ортақтасуда. Арыстай азаматтарымыздың қаза табуына байланысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев олардың тума-туысқандарына, Қазақ еліне көңіл айтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көңілін білдіре отырып, барлық қолдау-көмек шараларының жасалатынын атап өтті. Біз олардың есімдерін әрдайым жадымызда сақтаймыз», - деді облыс басшысы.
Марқұмның отбасына сондай-ақ, ҚР Қорғаныс күштері Бас штабы бастығының орынбасары, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов та көңіл айта отырып, Отан қорғау жолында қаза тапқан әскери қызметкерлердің есімі мәңгілік сақталатынын жеткізді. Қаралы жиында айтылғанындай, Сырым Мәлкейұлы 1989 жылы 11 желтоқсанда Сырым ауданы Аралтөбе ауылында дүниеге келді. 1996-2007 жылдары Аралтөбе ауылындағы орта мектепте білім алған Сырым Мәсәлім Сырым аудандық қорғаныс жөніндегі бөлімі арқылы Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына оқуға түседі.
2011 жылы институтты жақсы аяқтағаннан кейін Сырым Мәлкейұлы Ақтау қаласындағы 30153-әскери әуе базасындағы авиациялық жабдықтау қызмет көрсету тобында аға техник болып қызметін бастады. 2013 жылы 9 желтоқсанда автоматтандырылған бақылау борттық сандық жүйесі қызмет көрсету тобының топ бастығы болып тағайындалды. Сырым Мәсәлім 2014 жылы Қамажай Төлепбергенқызымен отау құрып, бір жылдан кейін Жәңгір есімді ұлы дүниеге келді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын капитан Сырым Мәсәлімнің бала кезінен ұшқыш болуды армандағанын жазған болатынбыз.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!