Шымкентте мейірбике 10 айлық балаға ыстық сумен клизма жасаған
Шымкентте 10 айлық сәбиге инфекциялық ауруханада клизма жасағаннан кейін жансақтау бөліміне түсіп қалған.
12:36 02.04.2019
Ата-анасының сөзінше, мейірбике аталған процедураны жасаған кезде ыстық суды қолданған. Басылым мәліметінше, 26 наурызда анасы мен сәбиін ауруханаға жатқызған. Сәбидің іші ауырған екен. Оның жағдайы жақсарып келе жатқанымен, 29 наурызда клизма жасаған. Мұнан кейін сәби жансақтау бөліміне түсіп қалыпты.
Сәбидің әкесінің сөзінше, мейірбике клизма жасаған кезде ыстық суды қолданған.
«Клизма жасаған кезде анасы не үшін ыстық сумен жасап жатқанын сұраған. Оны баланың жанына кіргізбей қойған, сөйтіп клизма жасағанда анасы жанында болмаған. «Өзіміз білеміз», - деген. Клизманы аға мейірбике жасапты. Бала айқайлап жылай бастаған. Тіпті ол жерінен қан ағыпты», - дейді баланың әкесі.
Ер адамның сөзінше, ұлын жансақтау бөліміне жіберген. Қазіргі уақытта сәбиге ауруды басатын препараттар салынуда және ол дәретке отыратын кезде қиналады екен. Өз сөзінде әкесі ұлын күйік бөлімінің дәрігерлері мен проктолог қарағанын айтты.
Оқиғадан кейін сәбидің ата-анасы құқық қорғау органдарына шағымданған.
Әкесі осы жағдайдың салдарынан болашақта ұлының денсаулығында қиындықтар бола ма деп қорқады. Ал оқиғаға қатысты пікір білдірген инфекциялық аурухананың бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев бұл жағдайды комиссия тексеріп жатқанын айтты. Екі мейірбике уақытша жұмысынан шеттетілген екен. Олардың оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін.
«Баланың жағдайы қанағаттанарлық, қанағаттанарлыққа жақын. Анасымен сөйлестім. Ол кімнің шағымданғанын білмейді», - дейді Нұрлыбаев.
Басылым мәліметінше, бұл отбасының үшінші баласы. Бір жыл бұрын отбасында қайғылы жағдай орын алып, балаларының бірі суға батып көз жұмған екен.
Дереккөз: stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!