Тікұшақ апатынан көз жұмған әскерилер отбасына 5 жылдық жалақы беріледі
Қызылорда облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасына марқұмның бес жылдық жалақысы төленеді.
16:20 03.04.2019
Сонымен қатар, егер пәтері болмаса, жаңа баспанамен қамтылады. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлімдеді.
"Қайғылы оқиға болған кезде қаза болған әскерилердің отбасына әскери қызметшінің бес жылдық жалақысы төленеді. Қазір тиісті есептер жасалуда. Бұрын айтқанымыздай, бастапқы қызметтердің жалақысы орташа есеппен 140 мың теңгеден басталады, келісімшартпен қызмет ететіндердікі азырақ – 60-70 мың теңге", - деді Мұхтаров мәжіліс кулуарында.
Бұған қоса, заңда әскери қызметшілердің балаларына әскери оқу орындарына түскен кезде жеңілдіктер қарастырылған. Егер отбасында әскери қызметші қаза тапқан болса, оның аға-інілері әскери қызметке шақырылмайды деген норма да бар.
Еске салайық, 27 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!