Гомосексуализм үшін таспен атып өлтіретін шариғат заңдары күшіне енді
Бруней сұлтанатында 3 сәуірден бастап шариғат ережелеріне негізделген заңнамадағы түзетулер күшіне енді.
09:35 07.04.2019
Жаңа заңдар неке адалдығын бұзу немесе гомосексуалды қарым-қатынастар үшін өлім жазасын тағайындауды көздейді. Ал ұрлық жасағаны үшін қолын кесіп тастайды. Бірақ, БҰҰ бұл реформаны тоқтатуды талап етіп отыр. Сондай-ақ, атақты адамдар да бұл заңға қарсылық білдіріп, Бруней компанияларының қонақ үйлеріне бойкот жариялауға шақырды.
Жаңа заңдардың күшіне енуімен, Бруней шариғат заңы ұлттық деңгейде қолданыла бастаған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бірінші ел болды. Бақылаушылардың айтуынша, ел «Азияның Сауд Арабиясына» айналып барады.
Бастапқыда, жаңа заңдар 2014 жылы қабылданған болатын. Бірақ, олар ұзақ уақыт бойы күшіне енген жоқ. Мұндай заңды қолданысқа енгізуді Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах ұсынды. Бруней билігінің қатал заңдарын атақты адамдар да сынға алды. Сондай-ақ, белсенділер Батыс елдерін сұлтанатпен дипломатиялық байланыстарды үзуге және Бруней компанияларына бойкот жариялауға шақырды.
Брунейдің жаңа заңына сәйкес, неге адалдығын сақтамағандар мен гомосексуалдық қарым-қатынаста болғандарды таспен ату немесе қамшылау арқылы өлім жазасына кеседі. Сол сияқты ұрлық жасағандардың қолын кесіп жазалайды. Оның өзінде, адамды қылмысқа айыптау үшін төрт мұсылманның куәлігі жеткілікті болмақ. Ислам дінін ұстанатын бұл елде гомосексуалдыққа бұған дейін де тыйым салынған болатын, бірақ бұрында заңды бұзғандарды түрмеге жабатын болған. Ал заңнаманың күшіне енуіне бірнеше апта қалғанда әлемде әлі де жалғасып келе жатқан ауқымды наразылық акциясы басталды.
«Гомосексуализм немесе опасыздық жасағаны үшін таспен атып өлтірілу – өте жиіркенішті және адамгершілікке жат. Жер бетіндегі әрбір адамның құрметтік қарым-қатынасқа және қорқынышсыз өмір сүруге құқығы бар», - деп мәлімдеді АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байден Twitter-де.
Адам құқықтарын қорғау жөніндегі "Эмнести интернешнл" ұйымы сұлтандық билігіне жаңа заңнан дереу бас тартуын талап етті. Сонымен қатар, Британия, Австралия, Франция және БҰҰ Бруней билігінен жаңа заңның күшіне енуін тоқтатуды сұрады.
Белгілі батыстық актерлер мен музыканттар да Бруней компанияларына бойкот жариялауға шақырды. Наурыз айының соңында актер Джордж Клуни сұлтанатпен мемлекеттік инвестициялық агенттігімен байланысы бар «Dorchester Collection» холдингіне тиесілі қонақүйлерге тоқтамайтынын мәлімдеді. Клуни, шариғат заңын енгізу «адам құқықтарын бұзумен бірдей» дейді.
Дереккөз: stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!